Жапырақтар вальсі. Сағынышқа толы сезім, жұмбақтап жеткізген сыр, жастарға шабыт беретін патриоттық әндер мегаполис аспанын көмкерді. Шымкентте белгілі композитор Бекжігіт Сердәлінің шығармашылық кеші өтті.
Шығармашылық кешке келгендердің қатарында студенттер көп. Жастар ресурстық орталығының залы көрерменге лық толды. Бекжігіт Сердәлітің патриоттық әндері жастарға рух береді. Ұстазының кешін демеуге композитордың шәкірттері де арнайы келіпті.
МЫРЗАХАН БАЙБОЛОВ, ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ
Мен 2004-ші жылы университет табалдырығын аттадым. Сол кезден бері Бекжігіт аға дәріс берді, өмірімізге бағыт-бағдар берді. Бүгін керемет шығармашылық кеш өтіп жатыр. Мектеп қабырғасында осы кісінің әндерін орындайтынбыз.
Композитордың 40 шақты әні бар. Соның ішінде «Жас жұбайлар», «Неге, неге», «Ризамын», «Ауыл жатыр той жасап», «Текемет», «Түркістаным — Тұраным» сияқты әндері ел ішінде кеңінен таралған.
БЕКЖІГІТ СЕРДӘЛІ, ҚАЗАҚСТАН КОМПОЗИТОРЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
Шымкент қаласының тұрғындарына, өнерімді бағалайтын тыңдармандарға концерт бере алмай жүретінмін. Сәті туып, мегаполиске концерт беру мен үшін бақыт. Қалада бірінші рет концерт беріп жатырмын. Концертімізді жастарға арнап отырмыз.
Бекжігіт Сердәлінің әндері Мәскеу қазақтары қауымдастығының демеушілігімен Германияда лазерлі дискке жазылып, шет мемлекеттерге таралған. Әндері топтастырылып, «Әнім – әлемім», «Әндер», «Танымал әндердің тарихы» жинақтары Алматыдан басылып шыққан. 2023 жылдан бастап Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі. Әндері «Қазақ радиосы» мен «Шалқар радиосының» алтын қорларында сақтаулы.