Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен өнер мектебі салынды. Өңірдегі Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында музыкалық өнер мектебі пайдалануға берілді. 300 орындық мекемеде 150 өренге лайықталған заманауи өнер залы бар.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Бас прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков пен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысты. Оқушылар мен ұстаздарды, ауыл тұрғындарын құттықтап, мектеп ісіне сәттілік тіледі.
ЗҰЛПЫХАР ЖОЛДАСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
– «Бұл жаңа өнер мектебі ауданның рухани дамуына, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлкен серпін беретіні айқын. Жаңа нысанның құрылысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. 870 миллион теңгеден астам қаржы халықтың игілігіне бағытталды. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қайтарылған әрбір актив ел игілігіне жұмсалуы керек» деген ұстанымының нақты орындалуы»
Ағымдағы жылдың сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары желтоқсан айында толық аяқталып, ел игілігіне берілді. 300 орындық «Өнер мектебі» мекемесінде балалардың музыкалық білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалған. Ғимаратта мәдени іс-шараларды өткізуге арналған 150 орындық зал бар. Сондай-ақ кітапхана, топтық жаттығу, ұлттық аспаптар, гитара, фортепиано сабақтарына арналған бөлмелермен қамтылған. Нысанның екінші қабатында дыбыс жазу студиясы, хор үйірмесі, музыкалық үйірмелер, халық аспаптар бөлмесі, сахна және сахналық жабдықтар қоймасы орналасқан.
ҒАБИТ САДЫРБЕКОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Еліміздің түрлі өңірлерінде мемлекетке қайтарылған қаражатқа 434 әлеуметтік нысан салынды. Оның 30-ы осы Түркістан облысында. Өнер мектебі аталған жобалардың бірі болып табылады. Құрылыс жұмыстары уақытылы, сапалы аяқталғанына куә болып отырмыз.»
Жаңа ғимарат – 1974 жылы салынған, санитарлық талаптарға сай келмейтін, апатты жағдайда жұмыс істеген ескі мектептің орнына тұрғызылған. Бұған дейін дәл сол ескі нысанда 400-ден аса бала білім алып келген. 45 мұғалім тар, суық, ескірген бөлмелерде жұмыс істеген еді. Енді мәселе шешімін тауып, заманауи ғимарат бой көтерді.
АЗАТ ОРАЛБАЕВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
– «420 бала қазір осында білім алады. Сол балалар енді заман талабына сай, заманауи мектепте оқып, үлкен жетістіктерге жетеді деген ниеттеміз.»
Айта кетейік, елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары әлі де жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат еліміздегі жүздеген әлеуметтік нысан құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына бағытталады.