Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан ауылында аудандық прокуратура ғимараты пайдалануға берілді. Нысан жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Құрылыс жұмыстары былтыр қыркүйек айында басталған болатын. Екі қабатты ғимараттың жалпы алаңы 860 шаршы метрді құрайды. Нысан 0,20 гектар аумақта орналасқан.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне арнайы қатысқан ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, аудандық прокуратура ұжымына сәттілік тіледі. Азаматтардың құқықтары мен заңдылықтарды қорғау бағытында абыроймен еңбек етіп келе жатқан мамандарға сенім білдірді. Прокуратура қызметінің сапалы атқарылуына жағдай жасау – мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.

 ҒАБИТ САДЫРБЕКОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «Бас прокурордың тікелей қолдауының арқасында бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары уақытылы аяқталды. Сіздерге қажетті жағдай жасалды. Кең кабинеттер, заманауи техника, азаматтарды қабылдау бөлмелері – барлығы қолжетімді.»

Салтанатты шарада Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов құттықтау сөз сөйлеп, аудандық прокуратура жұмысына сәттілік тіледі. Үш жүздің басы қосылып, әділдік пен теңдік, елдік пен батырлық мәселелері талқыланған мекенде заманауи нысанның бой көтеруі заңдылық екенін жеткізді.

ЗҰЛПЫХАР ЖОЛДАСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
 – «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жұртты саяси прагматизмге шақырып, қоғамда заң мен тәртіпті орнықтыру маңызды» деп атап өткен болатын. Бұл ретте прокуратура саласының өкілдерінің қажырлы еңбегі қажет. Сондықтан бүгін ашылған жаңа ғимаратты құқықтық жүйенің дамуы мен болашаққа деген сенімнің символы деп білеміз.»

Іс-шарада ғимарат құрылысына атсалысқан мердігер компания өкілдері мен жұмысшылар марапатталды. Қонақтар жаңа нысанды аралап, аулаға ағаш отырғызды.