Пушкин кітапханасында қазақ журналистикасының көрнекті өкілі, қаламы қарымды ақын әрі жазушы, қоғам қайраткері Жарқынбек Оразханды еске алу кеше өтті. Зиялы қауым өкілдері тұғырлы тұлға жайында есті естеліктерін айтып, шығармашылығы туралы ой өрбітті.

Тіршілігін тілшілікке арнаған азамат тұтас өмірін журналистикаға бағыштады. Еңсесін тік көтеріп, қадамын анық басты. Қоғамдық мәселелерге белсене араласып, айтарын іркіп қалмай ірілік танытты. Шындықтың шірімейтінін дәлелдеп, ақиқаттың ақ туын желбіретті. Саналы ғұмырын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің дамуына сарп етті. Қатардағы тілшіден бас редактор лауазымына дейінгі барлық сатыдан өтіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Бастықпын деп даңдайсып, креслосы бар деп кеуде қақпады. Бас редактор болса да, қыр-даланы кезіп, оқырманға бұқпасыз, боямасыз ақпарат таратты.

СПИКЕР: НҰРЛАН КЕНЖЕҒҰЛОВ, «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІ БАС РЕДАКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «Орекеңнің бір ерекшелігі – ол оқиғаның бел ортасында жүретін. Кейбір бас редакторлар тілшілерін жан-жаққа жіберіп: “Мынаны жазып кел, ананы жазып кел”, – деп жұмсайды ғой. Ал бұл азамат болып жатқан оқиғаның ортасында өзі жүретін.

Күлән Жұмабаева – жазушының жары. Даңқты журналистпен бір шаңырақ астында 32 жыл өмір сүрген. Сөзінше, Жарқынбек Оразхан 8 қырлы азамат болған. Жазушылығы мен ақындығы, ақпараттағы алғырлығы бір бөлек, ал туа бітті күйшілігі бір басқа. Ұлттық аспапқа жан бітіріп, делебесі қозатын күй шертетін дейді отанасы.

 Көзі тірі болғанда Жарқынбек Оразхан биыл 75 жасқа толар еді. Еске алу кешінде ақынның үзеңгілес достары мен кейінгі буын шәкірттері сөз сөйлеп, қаламы қуатты жазушының шығармашылығына үңілді.