Шымкентте мемлекеттік балабақша қызметкерлерінің соңғы екі айдағы әлеуметтік аударымдары төленбеген. Жалпы берешек сомасы 860 млн теңгені құрап отыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің отырысында мәлім болды. Толығырақ келесі бейнематериалда.
Шымкентте мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің соңғы екі айдағы міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік салықтар мен медициналық сақтандыру төлемдері аударылмаған. Салдарынан балабақша мамандарының ем қабылдауда, банк қызметтерін пайдалануда қиындықтар туындаған. Кеңес отырысында білім басқармасы басшысының орынбасары бұл мәселеден хабардар екенін айтты. Қазіргі жалпы берешек 860 млн теңгеге жеткен.
БЕКЖАН ТАЙҒАШЕВ, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қарыздың қалай шыққаны, жоспар бойынша қаражаттың қайда жұмсалғаны, тиісті деңгейде жұмсалған-жұмсалмағаны туралы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қарызды өтеу туралы ұсыныс берілді. Бізде үнемделген қаржы бар. Сол соманы балабақша қарызын жабуға бағыттау жоспарлануда. Оның ішінде салықтар мен медициналық сақтандыру төлемдері де бар.
Қазір мәселенің туындау себептеріне қатысты анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Білім басқармасы басшысының орынбасары қызметкерлерге міндетті әлеуметтік аударымдардың қашан төленетінін нақты айта алмады. Сондай-ақ кеңесте білім беру саласындағы көрсеткіштердің орындалуы да баяндалды.
ТАЛҒАТ БАЛТАБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Отырыста 2023–2027 жылдар аралығындағы сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы талқыланды. Жыл аяқталып келеді, сайлаушыларға берген уәдеміз бар. Сол бойынша кеңес мүшелерімен бірге іске асу қарқыны қаралды. Орындалмай қалу қаупі бар нысандар бойынша нақты мәселелер көтеріліп, олардың шешілуі бақылауда болады.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы аймақтық кеңес отырысы ай сайын өткізіледі. Мұнда мегаполистегі білім және денсаулық сақтау салаларында орын алған мәселелер талқыланады.