«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті. Тазалық шарасына 50-ге жуық азамат қатысып, мегаполистегі басты саябақтардың бірін ретке келтірді.
Экологиялық акция Абай саябағында ұйымдастырылды. Қатысушылар қураған ағаш бұтақтарын, шөп қалдықтарын, сондай-ақ тұрмыстық қоқысты жинады.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Былтыр сәуір айынан бастап мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы басталған болатын. Соның аясында AMANAT партиясы «Таза бейсенбі» акциясын бастап кеткен. Партия бастамасымен Тұран ауданында тазалық акциясы өткізіліп жатыр.
Тазалық шарасына партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері және коммуналдық қызметтің жұмысшылары қатысты. Экоакцияның мақсаты - қала тұрғындары мен қонақтарының демалысына қолайлы орта қалыптастыру.
АРЛЕН ТІЛЕУОВ, БЕЛСЕНДІ
Бұл бейсенбілік акция әр апта сайын өтеді. Мақсат - тұрғындарды тазалыққа шақыру. Өзіміздің айналамызды таза ұстаған дұрыс. Сонда бәрі жақсы болады деп ойлаймын.
Жыл басынан бері «Таза бейсенбі» акциясы 49 рет өткізіліп, көпқабатты үйлердің аулалары мен көшелерінен жалпы 46 тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Экологиялық акциялар қала аумағында тұрақты түрде жалғасады.