Қала әкімі Түркияның “KÖKSAN PET ve Plastik Ambalaj Sanayi ve Ticaret A.Ş.” компаниясының өкілдерімен кездесті. Басқосу барысында қаламызда ПЭТ-преформа мен қайта өңделген пластик шығаратын зауыт салу мүмкіндігі және кәсіпорынды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.


Құны 63 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба жылына 80 000 тонна ПЭТ-преформа және 24 000 тонна қайта өңделген пластик өндіретін заманауи, жоғары технологиялық өндірісті іске қосуды көздейді. Жобаның жүзеге асуы халықаралық стандартқа сай өнім шығаруға және қаламыздағы пластик қалдықтарын қайта өңдеу үлесін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында 135 жаңа жұмыс орны ашу жоспарланып отыр. Бұл қаланың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, тұрғындар үшін жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейтеді. Келіссөз қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға жобаның табысты іске асуына қажетті инфрақұрылымдық шешімдерді пысықтау тапсырылды.