Бүгін үшінші мегаполисте «SHYMKENT FAN CLUB-2025» спорттық би байқауы өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылған сайысқа шаһардағы 21 мектеп қатысты. Жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға арналған жарыста кіл мықтыдан кім мықты екені анықталды.


Кезекті рет өткен байқаудың іріктеу кезеңіне 151 мектеп қатысты. Өзара сынға түскен талаптылардың арасынан таланттылар таңдалды. Өнерімен көптің көңілінен шыққан бишілер көрерменді таңдай қақтырып, креативтілігімен көзге түсті. Шараны қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.


АҚБОТА ОСПАН, ҚАЛАЛЫҚ ІШКІ САЯСАТ ЖӘНЕ ЖАСТАР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Жалпы, бас жүлдеге велосипед, бірінші орынға смартфон, екінші орынға смарт сағат, үшінші орынға брендбук қарастырылған. Әр оқушыға жекелей сыйлық беріледі.


Қорытынды кезеңде қатысушылар заманауи стильде өнер көрсетіп, талантымен ерекшеленді. Бишілердің өнерін қазылар алқасы жоғары бағалап, үздік ұжымға арнайы марапат табыс етті. Ал бас жүлде Циолковский атындағы №84 мектептің талантты оқушыларына бұйырды.


ҚҰРАЛАЙ ИДИРИСОВА, ЦИОЛКОВСКИЙ АТЫНДАҒЫ №84 ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ БИ ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ
Біздің би тобымызға биыл 25 жыл болды. Фан-клубқа төртінші рет қатысып жатырмыз. Тәуелсіздіктің 34 жылдығына орай патриоттық ән алдық. Костюм де патриоттық стильде тігілген.


Аталған сайыс жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін шыңдауға зор серпін береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба еріктілік пен спортты қолдау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады.