Түркістанда пластик ыдыстар мен полиэтилен пакетін өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. «ER-QAN GROUP» компаниясының бастамасымен жүзеге асқан жобаның ашылуына облыс әкімі арнайы қатысып, нысанды аралап көрді.
Жаңа жобаның жалпы құны 4 млрд теңгені құрайды. Инвестор қаражаты есебінен жүзеге асқан бұл өндіріс орны өңір экономикасының дамуына серпін беріп, 30-дан астам жұмыс орнын ашты. Зауыт өнімдері ішкі нарықты сапалы отандық тауармен қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарық көлемін де кеңейтуге ниетті.
БОЛАТ ҚАЛМҰРЗАЕВ, «ER-QAN GROUP» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бізде әзірше 60 адам жұмыс істейді. Шикізаттар Атырау мен Қытайдан келеді. Бүгінгі таңда бір реттік ыдыстарды шығарумен айналысамыз. Алдағы уақытта майлық шығару жоспарда бар. 150–180 адамды жұмыспен қамту ойымызда бар.
Облыста биыл негізгі капиталға 1178 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде шетелдік инвестиция көлемі 544 млн АҚШ долларын құрап отыр.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жобаны жеке инвестор жүзеге асырып, 4 млрд теңге инвестиция салды. Бұл – облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қосылған нақты үлес. Қазір полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстарға деген сұраныс жоғары. Сондықтан бұл зауыт ішкі нарықты сапалы отандық өніммен толықтырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да жол ашады.
Жаңа өндіріс ошағы полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстардың бірнеше түрін шығаруға бағытталған. Айтуларынша, бұл өнімдерге ішкі нарықта сұраныс жоғары.
КҮНІМАЙ ӘДІЛХАНҚЫЗЫ, ЖҰМЫСШЫ
Жұмысқа әңгімелесуге келген кезде басшылар қабілетім жайлы сұрады. Мен құлшыныспен келгендіктен, жұмыс істеуге бірден кірістім. Қазір енді осында жұмыс істеп жатырмын.
Алдағы үш жыл ішінде Түркістан облысында 111 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.