Түркістан облысындағы жекеменшік мектептерді жаңа жүйемен қаржыландыру басталды. Жалпы елімізде жеке білім ордаларын қаржыландыру бойынша жаңа пилоттық жоба іске қосылып отыр. Енді төлемдер ҚР Қаржы министрлігінің «e-Qazyna» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.
Бұған дейін жекеменшік мектептерге жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде оқушыларды есепке алу мен қаржыландыру бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Ұлттық білім беру дерекқорында мемлекет есебінен қаржыландырылатын оқу орнында тіркелген балалардың іс жүзінде басқа мектепте оқитыны белгілі болған.
ҒАЛЫМЖАН ОРЫНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Бүгінде облыстағы 110 мектепке қыркүйек айына қаржы аударылды. Қазан айына 105 мектепке аударылды. Барлығы 5 млрд 293 млн теңге қаржы аударылды. Осы 110 мектептегі, яғни 25 мыңнан астам оқушыға және 4 мыңнан астам жекеменшік мектеп қызметкерлеріне ұсынылған құжаттарға сай төлем толық жүргізілді.
Түркістан облысы бойынша мемлекеттік тапсырыс алатын жалпы 157 жекеменшік мектеп бар. Қалған жекеменшік мектептердің оқушылардың сабаққа қатысу көрсеткіштері мен олардың басқа білім беру ұйымдарына ауысу фактілері «BilimClass.kz» платформасы арқылы тексеріліп, жыл соңына дейін қаржыландыру толық көлемде жүргізіледі.