Мегаполисте «Цитадель» деректі фильмінің салтанатты көрсетілімі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындарына сұрапыл соғыс жылдарында Брест қамалын қорғаған, Шымкент қаласының тумасы Қасым Жарменовтің ерлік жолын таныстыру. Сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығы мен ортақ тарихи жадының маңызын терең ұғындыру болды.


 Көрсетілімге жиналған қонақтарды әскери бөлімнің оркестрі қарсы алып, ғимарат фойесінде соғыс жылдарының әуендері мен қазақтың халықтық музыкасы орындалды. Экрандарда «Цитадель» фильмінен үзінділер мен түсірілім барысынан кадрлар көрсетілді. Сонымен қатар Брест қамалының архивтік фотосуреттері, Жарменовтер әулетінің отбасылық мұрағатынан алынған сирек деректер және соғысқа дейінгі Шымкенттің фотокөрмесі ұйымдастырылды. Фильм көрсетілімі алдында Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы басшысының м.а. Заңғарбек Үсіпахметов құттықтау сөз сөйлеп, бұл жобаның рухани әрі тарихи мәніне ерекше тоқталды.


ЗАҢҒАР ҮСІПАХМЕТОВ, ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.
Жай ғана деректі фильм емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын берік отбасылық құндылықтарды дәріптейтін туынды. «Цитадель» Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Бұл туынды екі елдің достығын нығайтуға, өзара түсіністікті арттыруға бағытталған.


Фильмде Қасым Жарменовтің Брест қамалындағы ерлігімен қатар, соғыстан кейінгі бейбіт өмірі бейнеленген. Майдангер Шымкентке оралып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде жас ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесі кеңінен баяндалады. Сонымен бірге оның ұрпақтары – Денис пен Тимур Жарменовтердің отбасы тарихы арқылы өткенге жасаған сапары көрерменді терең ойға жетелейді.



ҰЛЫҚПАН БӘШЕНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар еді, қазір ешкім қалмады. Жастар осындай фильмдерді көрсе, кешегі соғыстың зардабы қандай болғанын түсінеді. Аталардың ерлігінен үлгі алып, отансүйгіштікке тәрбиеленеді.


«Цитадель» деректі фильмі бұған дейін Алматы және Мәскеу қалаларында сәтті көрсетілген. Туынды Қазақстан мен Ресейдің бірлескен мемлекетаралық жобасы. Бұл жоба ортақ тарих пен тағдыр тоғыстырған халықтардың рухани байланысын нығайтуға бағытталған.