Шымкент қаласында Respublica партиясы мен Re.Women қауымдастығының бастамасымен республикалық бизнес-форум өтті. Шара әйелдер көшбасшылығы мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды. Оған еліміздің 10 өңірінен 300-ге жуық кәсіпкер қатысып, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Күн тәртібінде жаңа Салық кодексі аясында шағын және орта бизнестің мүддесін қорғау және «оңайлатылған режимді» сақтау мәселелері қаралды. Мемлекет басшысының шағын бизнесті қолдауға қатысты тапсырмалары да назарға алынды.
АСҚАР МОЛДАБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Елімізде кәсіпкерліктің 50 пайызын әйелдер алып отыр. Әйелдердің энергиясы мен күшін қоғамның дамуына пайдалану керек. Осы мақсатта біздің партия форум ұйымдастырып отыр.
Форум аясында кәсіпкерлер өз өнімдері мен қызметтерін таныстырған арнайы көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қорғауға бағытталған бірқатар заңнамалық ұсыныстар талқыланып, Мәжіліс деңгейінде қарастырылып жатқаны айтылды.
НҰРГҮЛ ТАУ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Re.Women қауымдастығы бар. Осы ұйымға қолдау көрсету мақсатында оңтүстік өңірдегі қыз-келіншектердің мүмкіндіктері, олардың қандай қолдауға ие екендігі және бизнесте не істей алатыны талқыланып отыр. Бұл бағытта партия тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға үлкен көмек көрсетілуде.
Форумның басты мақсаты – әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру және олардың бизнес бастауына қолдау көрсету. Respublica партиясы бизнестің саяси ұйымы ретінде осындай игі бастамаларға мұрындық болып отыр.