Елімізде жаңғыртудан өткен екі автомобиль өткізу пункті ашылды. Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Қазығұрт» және «Темір баба» заманауи технологиялық өткізу пункттері пайдалануға берілді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмасын іске асыру жөніндегі жүйелі қадам.
Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылында орналасқан «Қазығұрт» өткізу бекетінің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қатысты. Шекаралық аймақта заманауи және тиімді инфрақұрылымды дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, сауда байланыстарын нығайту мен өңірде сенімді логистиканы қамтамасыз етудің маңызды шарты болып отыр.
МӘДИ ТАКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ
Бүгінгі күні бірыңғай кеден платформаcына көшу жұмыстары аяқталды. Енді транзиттік декларациялардың едәуір бөлігі автоматты түрде шығарылады. Рәсімдеу уақыты қысқартылды. 10 минут ішінде транзит көлігін шығарамыз. Бір терезе қағидаты бойынша үш министрлік бағдарламасы қосылды.
Бұл нысан – мемлекетіміздің көлік-логистика саласын дамытуға бағытталған нақты қадамы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткен «Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі жетекші көлік хабына айналдыру» стратегиялық міндеттерінің жүзеге асуының көрінісі. Биыл республика көлемінде 8 кеден бекеті толық жаңғыртылып, іске қосылады. Осы бағытта облысымызда да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Өте қуанышты сәтте кездесіп отырмыз. Біздің өңірде 8 кеден бекеті бар. Соның ішінде үшеуі жаңғыртудан өткен болатын. Жаңа ғимаратта кеден бекеті жұмысшыларына барлық жағдай жасалып отыр. Өңірдің өткізу мүмкіндігі ұлғайып жатыр. Жаңа ғимарат құтты болсын.
Кеден бекеті қазіргі заманға сай техникалық құралдармен және цифрлық сервистермен жабдықталып, өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Бұған дейін кеден бекеті тәулігіне екі бағытта 250 жүк көлігін өткізуге мүмкіндігі болса, бүгінде тәулігіне 1 000 жүк көлігін өткізе алады. Бекет аумағы 2,5 гектардан 4,8 гектарға дейін кеңейтіліп, өткізу пунктіндегі жүк көліктеріне арналған көлік жолақтары екі жолақтан алты жолаққа дейін артты.