Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астанада өткен WorldSkills Kazakhstan 2025 ұлттық чемпионаты өз мәресіне жетті. Шара барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің үздік студенттері мен жас мамандары марапатталды. Үздіктер қатарында Түркістан облысының колледжі де бар.
Түркістан облысынан 39 құзыреттілік бойынша 45 жас шебер қатысты. №8 колледж студенті Ханаев Жахангир «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары» құзыреттілігі бойынша кәсіби шеберлігін көрсетті. Нәтижесінде екінші орын иеленді.
ЖАХАНГИР ХАНАЕВ, WORLDSKILLS KAZAKHSTAN 2025 ҰЛТТЫҚ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЕКІНШІ ОРЫН ИЕГЕРІ
Осы жарысқа барып қатысып келдім. Бірінші емес, екінші орынды алдық. Қатты тартысу болды. Екінші орынға қанағат еттік.
Чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 800-ден астам колледж студенті қатысты. Чемпионат қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Алматы қаласы – 60 баллмен бірінші орынға шықты. Павлодар және Ақмола облысы – 56 баллмен екінші орынды бөліссе, Түркістан мен Қарағанды облысы – 55 балл жинап, үшінші орынға тұрақтады.
НҰРСҰЛУ ҚАЛИЕВА, №8 КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ
Өңірден қатысқан студенттер арасында біздің баламыз екінші жүлделі орынды алды. Бұл біздің колледж үшін үлкен жетістік. Түркістан облысы үшін де маңызды нәтиже деп айтқым келеді. Биыл облысымыз 55 балдық есеппен үшінші орын иегері атанды. Бұл да үлкен жеңіс.
2025 жылғы чемпионаттың басты жаңалығы – еңбек нарығындағы сұраныс пен технологиялық трендтерге сай 15 жаңа құзыреттіліктің енгізілуі болды. Республикалық чемпионаттың жеңімпаздары Қазақстанның ұлттық құрамына қосылып, 2026 жылы Қытайда өтетін WorldSkills International чемпионатында ел намысын қорғайды.