Отырар ауданындағы Көксарай елді мекенінің тұрғындары ауылдағы күре жол бойын көшет егіп, қоршау жұмыстарын қолға алды. Осының негізінде ауылдың ақсақалдары бастап жастарға дейін тал егу жұмыстарын жандандырды. Ауылдағы ішкі көшелердің бойын көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Бұл бастама ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға, көріктендіру ісін ілгерілетуге бағытталған тың қадам болып отыр.
Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов көпке өнеге болған жұмыстардың барысымен арнайы танысып, ауыл тұрғындарымен бірге көшет екті. Аудан басшысы тұрғындардың белсенділігін жоғары бағалап, олардың туған жерді абаттандыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Шараға ауыл ақсақалдары, жастар және белсенді азаматтар қатысып, бірлесе атқарылған еңбектің нәтижесінде ауылдың келбетіне жаңа серпін беретінін жеткізді.
Ауылдың ажарын арттыруға бағытталған қоғамдық шара аясында 15 шақырым аумақ қоршалып, ауыл тұрғындарының ұйымдасуымен 8000-ға жуық түрлі көшет егілген. Игі бастама алдағы жылдары да жалғасын тауып екі жыл ішінде егілген көшеттердің санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.