Қазығұрттың бауырайында орналасқан Жаңабазар ауылы – көнеден келе жатқан тағылымды дәстүрдің алтын ұясы. Мұнда жетпіс жылға жуық уақыттан бері ел ішінде «Қымызхана» аталып кеткен ақсақалдар алқасы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Әр жексенбі сайын бас қосатын ауылдың абыз қариялары ел ішіндегі дау-дамайға байыпты байлам айтады. Ал бұл жолғы жиын Тәуелсіздік күніне арналды.


 Тағылымды отырыс ақ жаулықты аналар мен ақсақалдардың батасымен бастау алды. Жиында Жаңабазар ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы сөз алып, Тәуелсіздік жылдарындағы ел мен өңірдің жеткен жетістіктеріне тоқталды. Қариялар егемендікпен қатар ауыл өміріне енген оң өзгерістерді баяндады.


 ЖОРАБЕК СҮЙЕУБЕКОВ, ЖАҢАБАЗАР АРДАГЕРЛЕР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Бүгінгі мерекенің орны бөлек. Жастарымыз да бұл мерекені үлкен серпіліспен қарсы алып отыр. Ардагерлеріміз көптен көңілде жүрген жүрекжарды тілектерін айтып, мерекенің маңызын түсіндіріп жатыр.


Ақсақалдардың айтуынша, «Қымызхана» алқасының іргетасын өткен ғасырда ауылдың данагөй қариялары қалаған. Бүгінде абыздардың жолын жалғаған бесінші буын ұрпақ дәстүрді көздің қарашығындай сақтап келеді.


 БАРЛЫБАЙ ҚУАНДЫҚОВ, «ҚЫМЫЗХАНА» АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ
Менің әкемнің өзі қырық жылдан астам осы қымызханаға қатысқан. Бүгінгі күні соны жалғап келе жатқанымызға қуаныштымыз. Бүгін меймандар келіп, тілектерін білдіріп жатыр.


Қымызхана – тек кеңес құратын орын ғана емес, ауыл өмірінің айнасы іспетті. Мұнда ел ішіндегі өзекті мәселелер көтеріліп, үлкен мен кіші бір дастархан басында ой бөліседі. Қазыналы қариялармен қатар ел болашағы саналатын жастар да бас қосады. Дәстүрлі жиынның құрылғанына биыл жетпіс жыл толып отыр.



ЖАҚСЫЛЫҚ ӘЛИХАНОВ, «ҚЫМЫЗХАНА» АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ
Қымызхананың құрылғанына жетпіс жыл толып отыр. Әкелеріміздің жолын жалғап, менің де бұл қымызханаға қатысып жүргеніме жиырма жылдан асты.


Ұлттық салт пен көнеден келе жатқан дәстүрді ұлықтаған бұл басқосу ел арасында «қымыз жиыны» деп аталады. Апта сайын өтетін мәжілістер жұртты бірлікке ұйыстырып, адасқанды тура жолға салады, келіспегенді келісімге келтіреді. Бүгінгі таңда бұл шара ауыл-аймақтың ынтымағы мен тұтастығын бекемдеген рухани тірекке айналып отыр.