Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқынды. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, бекітілген егіс құрылымы бойынша шаруалармен ағын су бөлу бойынша келісімшарттарға тұру ісі қолға алынды. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде айтылды. өңірді ағын сумен қамтамасыз ету және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да осы жиында қаралды.
Облыста суармалы жердің жалпы көлемі – 575 мың гектар. 2025 жылға облысқа 4,6 млн м³ ағын су лимиті бекітілген. Алайда су көлемінің аз келу болжамына байланысты биылға лимит 3,8 млн м³ болып қайта қаралды. Өткен жылы нақты алынған су көлемі 3,5 млн текше метрді құрап, бекітілген лимиттің 76 пайызы орындалды. Облыстың жылдық су пайдалану лимитінің 63 пайызы көрші мемлекеттердің аумағынан келетін трансшекаралық өзендерге тиесілі.
Жаһандық жылынудың әсерінен трансшекаралық өзендерден келетін су көлемі жыл сайын азайып келеді. Өткен жылы бекітілген 3,2 млрд м³ лимиттің 2,8 млрд текше метрі немесе 88 пайызы ғана нақты босатылған. Қазіргі таңда облыстағы 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метрді құрайды. Су қоймаларындағы су көлемі – 4,0 млрд м³ немесе 47 пайыз деңгейінде.
Биыл Ислам даму банкінің қаржысы есебінен су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталады. Бірінші кезеңде «Қазсушар» арқылы 63,2 млрд теңгеге 11 жоба, «Тұран су» кәсіпорны арқылы 73,6 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 296 шақырым канал бетонмен қапталып, 63 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары бекітілген. Жыл сайын 50 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы 2030 жылға қарай 622,8 млн м³ су үнемдеуге қол жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі таңда 10,6 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша тауар өндірушілерден ұсыныстар түскен