«Қазақстан колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқауы басталды. Ауқымды жоба білімімен, кәсіби шеберлігімен және қоғамдық белсенділігімен дараланған студент жастарды анықтап, олардың жетістіктерін насихаттауға бағытталған. Байқауға еліміздің барлық өңірлеріндегі колледж студенттері қатыса алады.

Атап айтқанда, WorldSkills чемпионаттарының және кәсіби шеберлік байқауларының жеңімпаздары мен қатысушылары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының және волонтерлік қозғалыстың көшбасшылары, инновациялық идеялар мен стартап жобалардың авторлары, ғылыми конференциялар мен олимпиадалардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздары, сондай-ақ шығармашылық ұжымдардың белсенді мүшелері үміткер бола алады. Ескеретін жайт – соңғы үш жыл ішінде аталған байқаудың жеңімпазы атанған студенттер қайта қатыса алмайды. Байқау үш кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең – колледжішілік іріктеу. Әр білім беру ұйымы бес кандидат ұсына алады.
Екінші кезең өңірлік деңгейде өтеді. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардан 10 үздік үміткер іріктеліп, кешенді бағалаудан өтеді. Үшінші кезеңде республикалық финал қорытындыланады. Қорытынды іріктеу «TOP-100 STUDENTS» интернет-ресурсында өткізіліп, елдің 100 үздік колледж студенті айқындалады.