Шымкентте полиция мен төтенше жағдай қызметкерлері бірлесіп жерасты автотұрақтарында профилактикалық іс-шара өткізді. Рейд барысында газ қондырғысы орнатылған көліктерге қатысты бірқатар заң бұзушылықтар анықталды.


Іс-шара 2024 жылы пайдалануға берілген Сейтжан қари Есжанұлы мешітінің жерасты автотұрағында және өзге де жабық паркингтерде жүргізілді. Талдау нәтижесінде газ-баллон қондырғысы орнатылған көліктердің тиісті белгі қоймайтыны және құжаттарының заң талаптарына сай рәсімделмегені белгілі болды. Сонымен қатар, заңмен тыйым салынған жерасты автотұрақтарына мұндай көліктерді қою деректері анықталды.


БАТЫР ЕРГЕШОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Талдау барысында газ қондырғысы орнатылған бірқатар көлік иелерінің арнайы белгіні орнатпағаны және қондырғыны тіркемегені анықталды. Сондай-ақ жабық жерасты автотұрақтарына заңсыз қою деректері тіркелді.


Прокурорлық қадағалау актісі негізінде полиция және төтенше жағдай департаменті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Нәтижесінде 50-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.


АБЫЛАЙ ОРЫНТАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЛЕЙТЕНАНТЫ
Біз прокуратура және полиция департаментімен бірлесіп үгіт-насихат және рейдтік жұмыстар жүргіздік. Жерасты автотұрақтарына газ-баллон қондырғысы орнатылған көліктерді қоюға тыйым салынатыны түсіндірілді. Іс-шара барысында бір жүргізушіге ескерту беріліп, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.


Мамандардың айтуынша, жерасты автотұрақтарында газ қондырғысы бар көліктердің тұруы өрт қаупін арттырады. Сондықтан осы бағыттағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек.