Мегаполисте төтенше жағдайлардың алдын алу үшін осы салаға жауапты департаменттің материалдық-техникалық базасын күшейту көзделген. Мәселен, былтыр төтенше жағдай қызметі 55 бірлік жаңа техникамен қамтылды. Арнайы көліктердің қатарында Жылжымалы басқару бекеті де бар. Қалада атқарылған жұмыстар Шымкент қаласы мәслихатының кезекті отыз төртінші сессиясында айтылды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Арман Сәбитов қатысты.

Арнайы техникалардан бөлек, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне 470 дана өрт сөндіруші киімі және 200 бірлік тыныс алу аппараты берілді. Бұл жабдықтар құтқару жұмыстары кезінде аса қажет. Қазіргі уақытта көктем мезгілінде тұрғындардың қауіпсіздігін күшейту бойынша тиісті жұмыстар атқарылған. Бөгеттер мен су қоймаларындағы жағдай тұрақты. Республикалық бюджеттен 5,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлініп, үш бірегей шұғыл қызметтер кешенінің құрылысы аяқталған.

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ, ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бірінші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Азаматтық қорғау медицина орталығы пайдалануға берілді. Өрт-сынақ зертханасының құрылысы аяқталды. Ангар типті қойма құрылысы да толық аяқталды.

Сессияда қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалыбеков өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, дәрігерлермен қамтамасыз етілу көрсеткіші бойынша Шымкент республикалық деңгейден жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Қалада қан айналым жүйесі аурулары, қатерлі ісік және жазатайым жағдайлар бойынша көрсеткіштер біршама төмендеген.

 ҚАЙРАТ ҚАЛЫБЕКОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жалпы табиғи өсім 16,46-дан артты. Туу көрсеткіші 18 пайыздан 24-ке дейін өсті.

Сөзді түйіндеген қала әкімінің орынбасары Арман Сәбитов маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтті. Депутаттарды алдағы референдумды жоғары деңгейде өткізуге шақырды.


 АРМАН СӘБИТОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қадірменді депутаттар, сессияға қатысушылар! Қаланың маңызды мәселелері қаралды. Қолдау білдіргендеріңізге алғыс білдіремін. Алда маңызды шара – референдум тұр. Оны бір кісідей атсалысып өткіземіз деп сенемін.

 Шымкент қаласында медициналық инфрақұрылым жүйелі түрде дамып, халыққа көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға басымдық беріліп келеді. Жиында аталған екі мекеменің есебін депутаттар бірауыздан қолдап дауыс берді. Сондай-ақ, сессияда мәслихат шешіміне бірқатар өзгерістер енгізілді.