21 ақпан – Дүниежүзілік экскурсоводтар күні. Осыған орай Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде «Ұлы дала гиді» байқауы өтті. Оған қаладағы музей қызметкерлері мен экскурсия жүргізушілер қатысты.
«Ұлы дала гиді» байқауы Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мұндағы мақсат – тарихи-мәдени мұраны насихаттау, экскурсиялық қызметтің маңызын арттыру, сондай-ақ музей саласында еңбек етіп жүрген кәсіби мамандардың тәжірибесі мен шеберлігін дәріптеу.
АМАНЖОЛ НҰРҚАН, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРА САҚТАУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
Шымкент қаласының музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен алғаш рет экскурсоводтар байқауы өтіп жатыр. Іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қатысушылар өз өнерлерін паш етуде. Музейге келген қонақтарға тарихи-мәдени мұрамыз жоғары деңгейде таныстырылып, оны дамытуға үлес қосып жатқандары анық байқалады.
Экскурсовод – жан-жақтылық пен зерделікті талап ететін шығармашылық мамандық. Сала қызметкерлері бір елдің ғана емес, әлем тарихы мен мәдениетін де білуі тиіс. Туристердің кез келген сұрағына жауап беріп, толық ақпарат ұсынуы қажет. Бүгінгі байқауға Шымкент қалалық музейлер бірлестігіне қарасты экскурсия жетекшілері қатысты.
ВЛАДИМИР ПРИВАЛОВ, ЖУРНАЛИСТ, ГИД-ЭКСКУРСОВОД
Экскурсовод ретінде айтарым, қазіргі таңда жастар мені қатты таңқалдырады. Олар туристерге қазақ халқының тарихын жай ғана айтып қоймай, оны әртістік шеберлікпен жеткізеді. Бұл тәсіл келген туристерді ерекше қызықтырып, ел мәдениетіне деген қызығушылығын арттырады. Жастардың бұл қасиеті тарихи-мәдени мұраны насихаттауда өте қажет.
Дүниежүзілік экскурсоводтар күнін атап өту гид мамандығының мәртебесін арттырып, Қазақстандағы ішкі және сыртқы туризмнің дамуына оң ықпал етеді.