Өнер ұлтқа да, дінге де бөлінбейді. Ұлы ақындардың мұрасы – адамзатқа ортақ қазына. Орталық Азия инновациялық университетінде «Ұлылар үндестігі» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Үш тілде өткен шығармашылық кеште ұлы Абайдың шығармалары көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Әдеби кеш университеттің жаңа ғимаратында өтті. Заман талабына сай жабдықталған №52Б дәрісханасының ашылу салтанаты мәдени шарамен ұштасты. Іс-шараны Тілдер және әдебиет кафедрасы ұйымдастырды. Қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті және шет тілдері бөлімінің студенттері тарихи тұлғалардың бейнесін сомдап, көрермен ықыласына бөленді.
МҰХАМЕДЖАН ТҮСЕЕВ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИННОВАЦИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТІЛДЕР ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Жас ұрпаққа қазақтың ұлы тұлғаларын жаңаша форматта насихаттап, олардың ой-идеяларын бүгінгі күнмен сабақтастыру – басты мақсатымыз. Кешті кафедрамыздың қазақ, орыс және шет тілдері мамандықтарында білім алып жатқан студенттері дайындады.
Болашақ тіл мамандары шығармашылық қырларымен де танылды. Өлең оқып, ән шырқап, кештің мазмұнын байытты. Студенттер Абай Құнанбайұлы, Александр Пушкин, Михаил Лермонтов, Лорд Байрон, Иоганн Вольфганг фон Гёте сынды әлем әдебиетінің классиктері шығармаларындағы рухани үндестікті сахна арқылы паш етті.
ЛЮДМИЛА ИГНАШОВА, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИННОВАЦИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ
Бүгін біз үшін ерекше күн. Кафедраға арналған жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Тілдер және әдебиет кафедрасы – оқу ордамыздағы жетекші құрылымдардың бірі. Мұнда білікті профессорлар мен ғылым кандидаттары қызмет етеді. Студенттер ағылшын тілінен бөлек, қытай және түрік тілдерін меңгеруге мүмкіндік алады.
Бұл білім ордасының тарихы тереңнен бастау алады. 2021 жылы Мардан Сапарбаев университеті мен Халықаралық гуманитарлық-техникалық университет бірігіп, Орталық Азия инновациялық университетін құрды. Қазір оқу орны Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстандағы жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатқан. Оқытушылар шетелдік университеттермен тәжірибе алмасып, студенттер білімін шет елдерде жетілдіруде. Орталық Азия инновациялық университеті – сапалы білім мен жарқын болашақтың кепілі.