Елімізде «Кітап оқитын ұлт» жобасы кеңінен қанат жайды. Игі бастаманы өмірлік қағидасына балап, кітап оқуды отбасылық дәстүрге ұластырған өнегелі шаңырақтардың қатары күн санап артып келеді. Бұл бағытта ерекше белсенділік танытып отырған әулеттердің бірі – Бауыржановтар отбасы. Жанұясы бәсі биік бәсекеде бақ сынауға ниетті.
Бауыржановтар шаңырағында әр кеш рухани ізденіспен өрбиді. Ұлттық жоба басталғалы бері бұл отбасы 15 кітапты бірлесе оқыған. Апта сайын арнайы уақыт бөліп, шығарманы ортаға салады. Әр туындының мазмұнына терең бойлап, таным көкжиегін кеңейтеді.
РАБИҒА ЕРКІНБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мен жалпы айтар болсам, үлкен өзгеріс жасауды мақсат етпедік. Ең алдымен жоспар құрдық, сосын үйдің бір бұрышынан кітапқа орын таптық. Содан соң күнде кешкісін шайдан соң теледидарды өшіріп, бәріміз бір сәт тынышталып, әркім өз кітабын оқуға арнадық. Осы қысқа ғана уақыт бізді жақындастырды десем болады. Балалар кітап арқылы ойлануды, сұрақ қоюды үйренді. Ал біз үшін одан асқан қуаныш жоқ. Өйткені кітап оқылған үйде – береке бар, ой бар, ертеңге сенім бар.
Нұрмахан қазақ әдебиетімен сусындап, ұлттық сөз өнерін жанына серік етуді қалайды. Он бес кітапты төрт ай ішінде оқып шыққан. Соңғы танысқан «Талтүс» романы жасөспірімнің жан дүниесіне ерекше серпін беріп, өзгеше әсер қалдырған. Киелі домбыраның құлағында ойнайтын өрен рухани әлемін күймен тербеді.
НҰРМАХАН БАУЫРЖАН, ОҚУШЫ
Мен үшін ерекше әсер қалдырған шығарма – Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы болды. Бұл кітап маған өте жақын тиді, себебі онда қазақтың күй өнері, домбыраның жаны терең суреттеледі. Кітапты оқи отырып, күйдің жай ғана әуен емес екенін түсіндім. Әр күйдің артында бір тарих, бір тағдыр, халықтың қуанышы мен мұңы жатқанын сезіндім. Бұрын домбыраны тек үйреніп жүрген аспап деп қарасам, қазір оған басқаша қарай бастадым.
Әулеттің кенжесі Заңғар есеп-қисапқа бейім. Салауатты өмір салтын ұстанады. Тұрақты түрде түрлі туындыларды оқиды. Жігерді жанып, табандылықты тануға үндейтін кітаптар жасөспірімнің тұлғалық қасиетін қалыптастырады.
ЗАҢҒАР БАУЫРЖАН, ОҚУШЫ
Мен осы жоба аясында 15 кітап оқыдым. Соның ішінде маған ең қатты әсер еткені – «Таң шапағаты» шығармасы болды. Бұл кітапты оқығаннан кейін өзімнің күнделікті әдеттеріме басқаша қарай бастадым. Кітаптағы кейіпкер таңын ерте бастап, денсаулығына ерекше мән береді. Соған қарап мен де ойландым. Қазір таңертең ерте тұрып, жаттығу жасауға тырысамын. Бұрын бұған мән бермейтінмін. Бұл шығарма маған тек оқуды ғана емес, тәртіптің, өзіңе жауапкершілікпен қараудың қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Өзгеріс үлкен емес сияқты көрінуі мүмкін, бірақ мен үшін бұл – жақсы әдеттің бастауы болды.
Отбасы жобаға Абдраш Назарбеков атындағы №87 жалпы орта білім беретін мектеп атынан қатысып отыр. Мүшелерінің айтуынша, мұндай мазмұнды оқу үрдісі балалардың сыни ойлау қабілетін ұштап, пайымды пікір білдіруге баулиды.
ЖІБЕК АЙДАРҚЫЗЫ, МҰҒАЛІМ
Жалпы ойлап қарасам, қазіргі өмірдің қарқыны қатты, бәрі асығыс. Бірақ дәл сол жылдамдықтың ішінде кітап адамды бір сәтке тоқтатып, өз-өзімен ойлануға, ішкі дүниесіне үңілуге үйретеді екен. Тән мен жанның тепе-теңдігін сақтайтын да – сол кітаптан басталған тәрбие.
Жалпыұлттық жоба өткен жылдың қыркүйегінде бастау алған.«Кітап оқитын ұлт» жобасы байқауына қатысушылар сәуір айында өзара бақ сынап, 23-сәуір күні «Ұлттық кітап күні» қарсаңында байқау жеңімпазын анықтайды. Жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйақы табысталады. Дегенмен, мұндағы діттеген мақсат – ел тұрғындарының зияткерлік әлеуетін арттыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.