Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №19 мектепке қосымша корпус құрылысы толық аяқталды. Үш қабатты ғимарат 325 оқушыға арналған.
Жаңа ғимараттың бірінші блогында бастауыш сыныптар мен мектепалды даярлық топтарына арналған кабинеттер орналасқан. Сондай-ақ жаратылыстану пәндеріне арналған сыныптар, химия, физика, биология зертханалары, лингафон және STEM кабинеттері қарастырылған. Бұл бөлмелер оқу сабақтарымен қатар факультативтер мен үйірме жұмыстарын өткізуге бейімделген. Зертханалар арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, су және электр жүйелері жүргізілген үстелдер, зертханалық шкафтар мен сынып тақталары орнатылған. Ал екінші блокта спорт залы, 196 орындық асхана, кітапхана, әкімшілік бөлмелер және 100 орындық акт залы бар. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы №16, 121, 82, 122 және 66 мектептерге қосымша ғимараттар салынып жатыр. Нысандарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.