Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстанның руханияты мен әдебиетіне үлес қосып жүрген қаламгерлермен кездесіп, пікір алмасты. Жиында ел руханияты, ұлттық әдебиет және Түркістан қаласының түркі әлеміндегі тарихи миссиясы кеңінен сөз болды.


Облыс әкімі мәдениет пен өнер – ұлттың рухани тірегі екенін атап өтіп, Түркістан өңірінде әдебиет пен мәдениетке қолдау жалғаса беретінін жеткізді. Сонымен қатар қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың шығармашылығы елдің рухани дамуына серпін беретінін айтты.


ҚАЛҚАМАН САРИН, АҚЫН
Түркістан – тек қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының қасиетті мекені. Түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде де Түркістанның аты ерекше құрметпен аталды.


Кездесу барысында әдебиет пен мәдениетті қолдау, өңірдегі рухани іс-шаралардың аясын кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Түркістанда өтетін халықаралық әдеби форумдар мен рухани кездесулердің маңыздылығы айтылды.


МЕРЕКЕ ҚҰЛКЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бұл бүкіл Алаш жұрты үшін үлкен мәртебе. Ғасырлар бойы жырланған қасиетті шаһар бүгінде жаңа дәуірдің рухани орталығына айналып отыр. Сондықтан Түркістанды дәріптеу – тарихты, мәдениетті, ұлттық рухты ұлықтау.


 Кездесуде қазақ әдебиетін дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау және тарихи мұраны дәріптеу бағытындағы бірлескен жобалар да сөз болды. Түркістанның халықаралық мәдени-гуманитарлық орталық ретіндегі рөлін күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды.