Түркі әлеміне ортақ ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің қолжазбалары мен хикметтері түрлі елдерге тарап кеткен. Қазір сол мұраны жинақтау және жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе Түркістанда өткен ғылыми конференцияда кеңінен талқыланды.


Зерттеушілердің айтуынша, ғұламаның шамамен 250-ге жуық хикметі Ташкенттегі ескі кітапханалардан табылған. Сонымен қатар кейбір құнды мұралар Түркістан қаласы мен Сауран ауданы тұрғындары тарапынан Әзірет Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени музейіне табысталған. Ғалымдар бұл деректер Ясауи ілімін тереңірек зерттеуге жол ашатынын айтады.


ТӨЛЕУБЕК МҰҚАШЕВ, «ҚАЗАҚСТАН МӘСЛИХАТТАРЫ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ БІРЛЕСТІГІ» РҚБ ТӨРАҒАСЫ
Ясауи мұрасы мен ішкі туризм – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Туризм тек экономика емес, ол тарихи сананы жаңғыртып, ұлттық рухты танытатын маңызды сала.


Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшылдың «Диуани хикмет» еңбегі мен рухани ілімі – түркі дүниесінің ортақ қазынасы. Мамандар бұл мұраны жүйелі түрде зерттеу қазақ руханияты үшін де, түркі әлемі үшін де аса маңызды екенін айтады.


ЗҰЛПЫХАР ЖОЛДАСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл – тарих пен тағылым тоғысқан, бабалар аманаты сақталған қасиетті мекен. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи-мәдени мұраны сақтау және туризмді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.


 МҰРАТ ТЛЕУБЕРДИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ
Мәслихат депутаттарының Түркістанда бас қосуының символдық мәні зор. Бұл – өңірлік саясат пен ұлттық руханияттың, жергілікті басқару мен ұлттық мүдденің үндесуі.


Ғалымдар Ясауи мұрасын жүйелеу, хикметтерін терең талдау және оның ілімін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізу қажеттігін алға тартып отыр.