Шымкенттегі Бекет батыр көшесінің тұрғындары жол мәселесіне алаңдаулы. Айтуларынша, соңғы жөндеу жұмыстарынан кейін орнатылған бөгеттер көлік қозғалысын қиындатып, көшедегі кептелісті көбейткен. Тұрғындар мәселені айтып талай мекеменің табалдырығын тоздырғанымен, нәтиже болмағанын айтады. Енді олар арыз-шағымдарын «AMANAT» партиясының өкілдеріне жеткізді.
Фатима Абдукаримова бұл көшеде 20 жылдан бері тұрады. Зейнеткердің айтуынша, бұрын көлік қоятын орын жеткілікті болған. Ал қазір тарылған жол мен қойылған бөгеттер тұрғындарға қолайсыздық тудырып отыр. Бұдан бөлек, қараусыз қалған аулаларға қоқыс тастайтындар да көбейген.
ФАТИМА АБДУКАРИМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– Біз «Айкөмекке» де жаздық, әкімдікке де бардық. Қазіргі үмітіміз – «AMANAT»-та.
Тұрғындарды алаңдатқан мәселелер «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауда көтерілді. Қала тұрғындарын «AMANAT» партиясының өкілдері мен жауапты мекеме мамандары қабылдап, түйткілдерді шешу жолдарын талқылады.
ТАЛҒАТ БАЛТАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Партияның қоғамдық қабылдаулары тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Қабылдау барысында тұрғындар қоғамдық көлік, инфрақұрылым, абаттандыру және әлеуметтік мәселелерге қатысты өтініштерін жеткізді. Жауапты сала мамандары бірқатар сауалдарға нақты түсіндірме беріп, кей мәселелер бақылауға алынды.