Көне Отырар өңірінде «Отырар алқабының туристік әлеуеті: көне мұраға жаңаша көзқарас» тақырыбында баспасөз туры ұйымдастырылды. Тағылымды жиынды  Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы өткізді. Ауқымды шараға республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен туризм саласының мамандары қатысты.


 Отырар өңірі-оңтүстіктің бай тарихынан сыр шертеді. Бағдарлама аясында қатысушылар ең алдымен ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші – Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, онда жүргізіліп жатқан қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұдан соң көне Отырар қалажұртына барып, археологиялық қазба аумақтарын аралап, тарихтан сыр шертетін нысандарды тамашалады.


 ЕРАЛЫ ШОҚАЙ, «ОТЫРАР» МЕМЛЕКЕТТІК АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Өткен жылдың соңында Отырар өңірінен қола дәуірінің ескерткіштері табылды. Мұндай жаңалық бұрын-соңды болмаған. Алтын жіп, керамика сынды заттар табылып, қазір мұражайға қойылды.


Қаланың инфрақұрылымдық әлеуеті жыл сайын дамып келеді.  Алыс-жақын елдерден келетін қонақтардың қатары қалың. Қатысушылар «Отырар» музей-қорығының экспозициялық залдарын аралап, туристерге арналған сервистік мүмкіндіктермен  танысты. Музей қызметкерлері көне дәуірге тиесілі құнды мұралардың тарихын баяндап берді.


ҚУАНЫШ ШОҚАЕВ, «ОТЫРАР» МЕМЛЕКЕТТІК АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
 Қазіргі таңда Отырар қаласынан туристерге арналған түрлі орындар ашылып жатыр.Мәселен, әр дәуірді қамтитын тұрғын үйлер, сауда орындары бар.Орталық шахристаннан керамика күйдіретін шеберлердің шеберханасы да ашылды.


Кездесу барысында Отырар өңіріндегі туризм саласын дамыту, тарихи мұраларды сақтау, ұлттық құндылықтарды ұлықтау бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, ой бөлісті.