Оқушылар мен студенттер сотталғандармен тілдесті. Есірткі тасып, бірден байып кетуді көксегендер жастарға бастан өткерген оқиғасын баяндады. Бастапқыда олар мұнымды ешкім білмейді, бәрі жасырын түрде іске асады деп үміттенген. Тар қапасқа қамалып, басы тасқа тигенде бір-ақ қылмыстың өтеуі жаза екенін түсінген.


 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Бірден байып, мол табыс табуды аңсағандар ақшаны жеңіл жолмен еселеуді көздейді. Есірткі тасып, ұрлық жасауға бекінеді. Бұл іспен ұзақ айналыспаймын, жағдайымды түзеймін де доғарамын деп ойлайды. Алайда, жеңіл ақшаға дәніккендер бұл батпақтан оңай шыға алмайды. Жарқын болашақ қалағандар осылайша тар қапастан бір-ақ шығады.


Жасы жиырмаға жаңа асқан Мирас наркокурьер болып жұмыс істеген. Қаржыдан қысылып, отбасына көмектесуді көздеген ол бұл іске амалсыз келіскенін айтады. Бір-екі апта есірткі тасып, қомақты ақша табамын да, лас іске қайта жоламаймын деп ойлаған. Бірақ кезекті тасымал кезінде қолға түсіп, темір тордың арғы жағынан бір-ақ шыққан. Енді ол біршама уақыт ата-анасына да, өзіне де көмектесе алмайды.


 – «Телеграмдағы адамдар бәрін оңай етіп көрсетеді. Ешқандай қауіп жоқ, бәрі заңды. Тек тапсырманы орындасаң болды деп сендіреді.»  «Соңында жалғыз қаласың, жауапкершілікті өзің көтересің. Сондықтан, жастарға айтарым, интернеттегі оңай ақшаға қызықпаңдар, әсіресе Телеграмдағы!»


Мамандардың айтуынша, есірткі сақтағандар мен оны алып жүргендер Қылмыстық кодекстің 296-бабына сәйкес 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Кей жағдайда тіпті мұнан да ұзақ мерзім арқалауы мүмкін. Ал сатқандардың жазасы тіптен ауыр – өмір бойына сотталуы мүмкін.


ҚУАНДЫҚ АЙТБАЙҰЛЫ, МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ПРОКУРОР
– «Бұл жерде теория емес, онлайн режимде жастар сотталғандармен тікелей тілдеседі. Қандай ауыр жағдайға ұшырады, неге сотталады? Мұның зардабы қалай? Соның бәрін тыңдап, сабақ алады деген ойдамыз.»


 Асылзада – медицина колледжінің студенті. Бұрындары атүсті қарап, аса мән бермейтін көріністің өте қауіпті екенін ұқтым дейді бойжеткен. Енді ол әлеуметтік желіні сақ пайдаланып, күмәнді ұсыныстарды елемеуге тырысады. Өйткені әккілер жастарды заңды, ақшасы мол жұмыс істеуге шақырып, есірткі таратуға үндейді.


 АСЫЛЗАДА СҮНДЕТӘЛІ, СТУДЕНТ
 – «Қылмыстың өтеуі жаза екенін бұған дейін де естіп-біліп жүрміз. Жазасын өтеушілермен тілдесіп, бастан өткен оқиғасын тыңдаған соң жауапкершілік жүгі одан сайын арта түсті. Алған әсерім ерекше!»


 Жиынға мектеп, колледж және жоғары оқу орындарынан келген 800-ден аса жас қатысты. Қуаныш Ысқақовтың айтуынша, мектеп қабырғасындағы бұзақылық, әлімжеттік деректері жылдан-жылға азайып келеді. Бірақ түбегейлі жоғалған жоқ. Онымен күресу мақсатында білім ұйымдары бейнебақылау жүйесімен жабдықталып келеді. Соның арқасында жасөспірімдер арасындағы бұзақылық бірден анықталып, тиісті шара қолданылады.


ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 – «Бейнебақылау камералары арқылы әлімжеттік фактілері, мектеп қызметкерінің балаға қол жұмсағаны анықталды. Үлкен сыныптың оқушылары кіші сынып оқушыларын тізіп қойып, әлімжеттік жасаған деректер анықталды.»  «Бейнебақылау камераларының көмегі көп. Ол тек бұзақылықты ғана тиып қоймай, білім сапасын көтеруге де ықпал етеді.»


Жиын барысында жастар құзырлы орган өкілдері дайындаған видеороликтерді тамашалап, мамандарға көкейкесті сауалдарын жолдады. Прокурорлар, полицейлер оқушылар мен студенттерге заңдық кеңес беріп, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын түсіндірді.