Түркістанда іскер әйелдердің басын қосқан ауқымды конгресс басталды. Жиында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, жаңа бизнес жобаларды қолдау және өңір экономикасын күшейту мәселелері талқыланды. Басқосуда тәжірибе алмасып, табысты жобаларды бірге жүзеге асыруға басымдық берілді. Бүгінде кәсіпте де, қоғамда да белсенді әйелдердің қатары артып келеді.


Конгресс аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша көрме ұйымдастырылды. Мұнда жергілікті кәсіпкерлердің тың өнімдері таныстырылып, «Қазақстанның үздік тауары» байқауы жеңімпаздарының жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушылар өңірде өндірілетін сапалы тауарлармен танысып, кәсіпкерлермен пікір алмасты.


АСЫЛАН ИБАДУЛЛАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Мұнда, кәсіпкерлікті дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, өңірлік экономиканы әртараптандыру мен экспорттық әлеуетті арттыру және жастар мен әйелдерді жұмыспен қамту, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту секілді, өзекті мәселелер талқыланады. Бұл бағыттағы пікірлер мен ұсыныстар, өңірдің дамуына тың серпін беріп, жаңа жобалардың жүзеге асуына, жол ашады деп сенеміз.


 Әйелдер қанаты бүгінде саясат, кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау, ғылым, цифрлық даму және халықаралық байланыс бағыттарында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бастамалар әйелдердің әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенді рөлін нығайтуға мүмкіндік беруде. Қазір әйелдер тек отбасының ұйытқысы емес, экономиканың дамуына үлес қосып жүрген маңызды күшке айналды.


АЛТЫНСАРЫ ҮМБЕТӘЛИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бүгінгі конгресс, жаңа серіктестіктерге, пайдалы байланыстарға, нәтижелі келісімдерге және болашақтағы табысты жобаларға негіз болады деп білеміз.


 Мемлекет тарапынан әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен күшейіп келеді. Қаржыландыруға қолжетімділік, білім беру бағдарламалары мен кәсіби даму жобалары – соның дәлелі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі жиын жаңа бастамаларға серпін беретін маңызды алаңға айналмақ.