Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен көшпелі форматта кездесті. Жиынға Қабанбай батыр, Жангелдин көшелерінің, 21-шағынаудан мен Береке тұрғын алабының халқы қатысып, қордаланған мәселелерін тікелей шаһар басшысына жеткізді.


Кездесу ашық диалог форматында өтті. Тұрғындар ең алдымен аула мен қоғамдық орындарды абаттандыру, дренаж жүйесінің жұмысы, кәсіпкерлік нысандарының жай-күйі және тұрғын үй мен жер кезегіне қатысты сауалдарын көтерді. Сонымен қатар, автотұрақ тапшылығы, қоғамдық қауіпсіздік, жәрмеңке ұйымдастыру, қоғамдық көліктің қозғалыс кестесі секілді күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін мәселелер де назардан тыс қалмады. Тұрғындар табиғи газға заңсыз қосылу жағдайларын айтып, емхана ғимаратын кеңейту мен жаңа балабақша салу қажеттігін де жеткізді. Қала әкімі әр мәселеге жеке тоқталып, жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Айта кетейік, көтерілген мәселелердің басым бөлігі кездесу барысында шешімін тапса, қалған ұсыныстар алдағы даму жоспарына енгізілетін болды. Кездесу соңында мегаполис басшысы белсенділік танытқан тұрғындарға алғыс айтып, мұндай ашық кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.