Шымкентте өсірілетін қызанақ Қазақстанның ішкі нарығын қамтып қана қоймай, Ресейге де экспортталып жатыр. «Alsera KZ» компаниясының жылыжай кешені жылына 155 мың тонна өнім өндіріп, ішкі және сыртқы нарық сұранысын қамтамасыз етуде. Кәсіпорын жұмысымен «AMANAT» партиясының өкілдері танысып, жоба барысын бақылап қайтты.
«Alsera KZ» жылыжай кешені Түркияның «Alarko Holding» компаниясының инвестициясы есебінен салынған. 2024 жылы іске қосылған нысан «Бозарық» индустриялық аймағында орналасқан. Кешен толық автоматтандырылған және голландиялық технологиямен басқарылады.
ЕРНҰР ЕРҒАЛИҰЛЫ, БАС АГРОНОМ
Бұл бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – әр функцияның арнайы анықтамасы бар. Соған кіріп, толық танысып шығуға болады. Практика жүзінде үйренсе, жарты жылдың ішінде толық меңгеріп алуға мүмкіндік бар. Голландия ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Біз солар әзірлеген бағдарламамен жұмыс істейміз. Ең ыңғайлысы – барлық жүйе автоматтандырылған. Біз тек қажетті формуланы енгіземіз, қалған жұмысты компьютер өзі атқарады.
Алып кешен 40 гектар аумақты алып жатыр. Жылына 155 мың тоннаға дейін қызанақ өндіруге қауқарлы. Отандық өнім еліміздің бірнеше өңіріне жөнелтіліп, Ресей нарығына экспортталуда.
ТОЛҚЫН ӘМІХАНОВ, «ALSERA KZ» КОМПАНИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
40 гектарда үш жылыжай кешені орналасқан. Әр жылыжайда шамамен 150 адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда қызанақтың бірнеше түрін өсіріп жатырмыз. Атап айтқанда, черри, максай, смакс секілді сұрыптар бар. Өнімдер Астана, Қостанай, Қарағанды, Шымкент қалаларына жөнелтіледі. Сонымен қатар «Magnum», «Gramad» сынды сауда желілері арқылы сатылып, Ресейге де экспортталып жатыр.
«AMANAT» партиясының өкілдері «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаның жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті.
ӘЛИЯ ЮСУПОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ
Мен бұл жерге екінші рет келіп тұрмын. Өте үлкен жылыжай кешені. Мұнда тек қызанақ өсіріліп қана қоймай, көптеген адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшыларға арнайы тасымал мен тамақ қарастырылған. Әсіресе осы маңда тұратын тұрғындар үшін өте тиімді. Осындай ірі жобалардың жүзеге асып жатқанын көру қуантады. Бұл – өңір экономикасына серпін беретін маңызды бастама деп ойлаймын.
Қазіргі таңда компанияда 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Түркиядан келген 10-ға жуық агроном арнайы сабақ өткізіп, жылыжайды күтіп-баптаудың қыр-сырын үйретіп жүр.