Ұлттық рәміздер күні Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда да ерекше салтанатпен атап өтілді. Қасиетті шаһарда Көк ту көкке көтеріліп, азат елдің айбыны асқақтады. Мерекелік шараның мән-маңызы жайында тілшіміз Перизат Биназарқызы тарқатады.


Салтанатты рәсім барысында Мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, жиналған жұртшылық Мемлекеттік Әнұранды бірге шырқады. Бұл – ел бірлігі мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Тәуелсіз Қазақстанның айбынын айқындайтын, елдігіміз бен егемендігімізді әлемге танытатын ерекше күн. 1992 жылы дәл осы күні Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз ресми түрде бекітіліп, тарихымыздың жаңа парағы ашылды.


Бүгінде Қазақстанның Көк туы халықаралық ареналарда, әлемдік додалар мен Олимпиада төрінде биікте желбіреп келеді. Бұл – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің және халық рухының символы. Түркістандықтардың айтуынша, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың қасиетті парызы.


БАҚЫТЖАН ДҮЙСЕМБАЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Азат еліміздің Көк байрағы әрдайым биікте желбірей берсін! Ел бірлігі нығайып, Қазақстанымыз өркендей берсін! Көк байрағымыз – бейбітшілік пен азаттықтың белгісі, ал Елтаңбамыз – ел тұтастығының нышаны.


Айта кетейік, Түркістан облысында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған бастамалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл Мақтаарал, Ордабасы және Сауран аудандарында жаңа Рәміздер алаңы пайдалануға берілді.