Әрбір Қазақстан азаматы үшін маңызы ерекше, рухы асқақ мерекені Шымкент жұртшылығы да сән-салтанатпен атап өтті. Миллионды шаһарда Көк Туымыз көкке көтеріліп, Әнұран асқақ шырқалды. Ұлттық мақтаныш күніне орай қала тұрғындары бірлік пен патриоттықтың жарқын үлгісін көрсетті. Толығырақ бейнематериалда.


Әлемге танымал көркем гимнастшы Әлия Юсупова үшін бұл күннің орны ерекше. Өйткені жастайынан талай дүбірлі додада топ жарып, Көк байрағымызды әлемдік ареналарда желбіреткен спортшы бүгінде Қазақстанның көркем гимнастикасын әлемдік элита қатарынан түсірмеуді мақсат етеді.


ӘЛИЯ ЮСУПОВА, ҚР ЕҢБЕГІ СІҢГЕН СПОРТ ШЕБЕРІ
Біздің Туымыз тек екі жағдайда көтеріледі. Бірі – мемлекет басшысы ресми сапармен шетелге барғанда, екіншісі – спортшылар халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен кезде. Сондықтан бұл күннің маңызы ерекше. Біз спортшы ретінде әрдайым көк байрағымыздың биікте желбіреуі үшін бар күшімізді саламыз. Барша қазақстандықтарды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын.


Ту, Елтаңба және Әнұран – елдің дербестігі мен тәуелсіздігінің айқын белгісі. Бұл – халықтың рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арманын болашаққа жеткізетін қасиетті нышандар. Сондықтан оларға ерекше құрметпен қарау қажет, дейді зиялы қауым өкілдері.


БЕКЕТ ТҰРҒАРАЕВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Бүгін – еліміз үшін ең маңызды мерекелердің бірі. Тәуелсіздігімізді айқындайтын мемлекеттік рәміздер халқымыздың патриоттық рухын көтереді. Сондықтан оларды аса құрметтеуіміз керек. Бүгін жастардың көптеп жиналғаны көңіл қуантады.


Ұлттық рәміздерді насихаттау арқылы жастардың бойында отансүйгіштік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға болады. Сонда ғана өскелең ұрпақ елі мен жерін, мемлекеттік нышандарын құрметтеп өседі. Қала жастарының айтуынша, туған жер ұғымын әрбір қазақстандық қастерлеуі тиіс.


ӘЙГЕРІМ ОРДАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бүгін біз Рәміздер күніне орай Ту тұғыры алаңына жиналып, Көк байрағымызды желбіретуге келдік. Бұл – жастардың патриоттық сезімін оятып, елге деген сүйіспеншілігін арттыратын маңызды мереке. Әрбір азамат үшін рәміздерді құрметтеу – Отанға деген құрметтің белгісі.


Салтанатты шара барысында шымкенттік әншілер «Егемен елім», «Қазағым менің», «Көк тудың желбірегені» сынды патриоттық әндерді орындады. Ту тұғырына жиналған көпшілік осылайша Рәміздер күнін ерекше көңіл күймен атап өтті.