Елімізде өзін тауар жеткізуші ретінде таныстырып, тұрғындарды құрығына түсіретін алаяқтар көбейді. Қаскөйлердің әрекет ету тәсілі бір қарағанда күдік тудырмайды. Олар өзін курьер немесе гүл жеткізу қызметінің өкілі ретінде таныстырып, сіздің атыңызға  сәлемдеме келгенін айтады. Кейін жеткізуді растау үшін ұялы телефонға келген СМС кодты сұрайды. Арбауына оңай түсірген соң жеке деректеріңізге қол жеткізіп, атыңызға несие рәсімдеп, қомақты қаражатыңызды қағып алуы мүмкін.


Құқық қорғау органдарының дерегінше, қаскөйлер күн сайын жаңа айла тауып, тұрғындардың сеніміне кірудің түрлі тәсілдерін қолданып келеді.Алайда, қауіптің алдын-алудың қарапайым жолдары бар.Ол үшін күмәнді қоңырауды дер кезінде үзіп, телефонға келген СМС кодты бөгде адамға айтпау қажет. Егер алаяқтардың арбауына түссеңіз, банк қызметкерлеріне хабарласып, ресми органдарға арыз жолдаған жөн.