Ауылдағы ағайын үшін жағымды жаңалық. Енді мал шаруашылығын дамытуға ниетті фермерлерге несие алу бұрынғыдан да жеңіл болады. Мемлекет кәсіпкерлерді қолдау тетігін кеңейтіп, кепілдік көлемін ұлғайтты.


Үкімет мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді жоспарға бірқатар өзгеріс енгізді. «Игілік», «Береке», «Жайлау» бағдарламалары арқылы берілетін несиелерді жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары қаржыландырады. Мемлекеттік қолдау да ірі қара мен ұсақ мал шаруашылығымен шектелмейді. Бағдарлама аясында марал қожалығымен айналысатын кәсіпкерлер де жеңілдетілген несие ала алады. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті қолдау институты арқылы берілетін кепілдік көлемі едәуір ұлғаяды. Егер шаруаның мүлкі жеткіліксіз болса, мемлекет несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік береді. Ал бұған дейін бұл көрсеткіш 50 пайызды құрайтын.