13 шілдеден бастап талапкерлер eGov.kz порталы арқылы мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға онлайн өтінім бере алады. Құжат қабылдау 13 шілде сағат 09:00-де басталып, 20 шілде күні 18:00-де аяқталады.
Биыл бұл қызметке бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді жүйе талапкердің мемлекеттік білім беру грантының конкурстан тыс тәртіппен бұрын тағайындалғанын автоматты түрде анықтайды. Бұл ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының деректері арқылы расталады. Егер талапкерге грант бұған дейін конкурстан тыс тәртіппен берілген болса, жүйе бұл туралы бірден хабарлайды. Мұндай жағдайда қайта өтінім берудің қажеті жоқ. Ал қалған талапкерлер құжаттарын жалпы тәртіппен онлайн жолдайды. Сондай-ақ жеңілдік санатына жататын азаматтардың мәртебесі де өтінім беру барысында автоматты түрде расталады. Конкурс қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру грантын жеңіп алған талапкерлерге электрондық сертификат беріледі. Ал грант тағайындалмаған жағдайда талапкердің жеке кабинетіне тиісті хабарлама жіберіледі.