Жерлесіміз – Азия чемпионы! Таиландтың Паттайя қаласында өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы еркін күрестен Азия чемпионатында түркістандық Бекасыл Асамбек алтын медаль жеңіп алды. Жеңімпазды Түркістан халықаралық әуежайында спорт сүйер қауым салтанатты түрде қарсы алды.
Ел мерейін асқақтатқан палуанды түркістандықтар ерекше құрмет-қошеметпен қарсы алды. Азия чемпионы атанған жас спортшы да жеңісіне үлес қосқан әкесі мен бапкерлеріне, қолдау білдірген барша жанкүйерге алғысын жеткізді.
БЕКАСЫЛ АСАМБЕК, АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ
«Таиландта барлық қарсыласымнан басым түсіп, жеңімпаз атандым. Жеңісіме себепкер болған – әкем әрі жеке бапкерім.»
Жеңімпазды Түркістан халықаралық әуежайында Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, спорт саласының өкілдері, бапкерлері, туған-туыстары мен жанкүйерлері ерекше құрметпен қарсы алды.
ҒАЛЫМЖАН ХУДИЯРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Алда алар асуы әлі көп. Сол белестердің бәрін бағындыратынына сенімдімін.»
Азия чемпионаты 4–5 шілде күндері Таиландтың Паттайя қаласында өтті. Құрлықтық додада Қазақстан құрамасының сапында белдескен түркістандық Бекасыл Асамбек 60 келі салмақ дәрежесінде жоғары шеберлік көрсетті. Ол барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды.
БАЙКЕН ҮСЕНБЕК, ОБЛЫСТЫҚ ГРЕК-РИМ, ЕРКІН ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕР КҮРЕСІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
«Айтулы жетістікке жетуге үлес қосқан барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Әрбір жеңістің артында бапкерлердің, спортшыны қолдаған азаматтардың қажырлы еңбегі жатыр.»
Бекасыл Асамбектің бұл жеңісі – спортшының тынымсыз еңбегі мен қайсарлығының, сондай-ақ бапкерлер құрамының жүйелі жұмысының жарқын жемісі. Алтын жүлде Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті маңызды медаль болып түсті. Айта кетейік, Бекасыл Асамбек – Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы.