Түркістан АҚШ-тың Аризона штатымен достық қатынас орнатып, инвистициялық жобаларды талқылады. Өңір басшысы Аризона штатындағы Қазақстанның консулы Хью Холлман бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесуде қос тарап білім беру, туризм және инвестиция салаларын ілгерілету мәселелерін талқылады. Нұралхан Көшеров екі ел арасындағы достық қатынастың нығайып келе жатқанын айтып, өңіраралық байланысты дамыту қос тарап үшін де тиімді екенін алға тартты. Облыста АҚШ-тың қатысуымен білім ордасын құру немесе мамандарды бірлесе оқыту, осы саладағы әріптестікті тереңдету, әсіресе, ауыл шаруашылығын цифрландыру, терең өңдеу саласының мамандарын даярлау маңызды екеніне тоқталды. Ал Хью Холлман Түркістанның қарқынды дамуына жоғары баға беріп, Аризона университетімен және іскерлік орта өкілдерімен байланысты дамытуға ниетті екенін жеткізді. Қос тарап жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті дамыту, академиялық алмасу бағдарламаларын іске асыру жөніде пікір алмасты. Туризм саласындағы өзара байланысты нығайту мәселелері де сөз болды. Өзара ынтымақтастықты жалғастырып, білім, ғылым, туризм бағыттарындағы нақты жобаларды зерделеп, әріптестікті нығайтуға уағдаласты.
ТҮРКІСТАН АҚШ-ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТАДЫ