Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы ағайынның табысын арттырып, жаңа өндірістердің ашылуына серпін беріп келеді. Үш жыл ішінде жоба аясында 4 мыңнан астам кәсіп қаржыландырылып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Өңірде енді балық жемі, макарон, шұжық пен шұлық өндіретін кәсіпорындар іске қосылады.


Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасына бюджеттен 30,2 миллиард теңге бөлінген. Үш жылда 4223 жоба жеңілдетілген несиемен қамтылып, кәсіпкерлер ісін дөңгелетіп, табысын арттырды. Қазір басым бөлігі өсімдік пен мал шаруашылығымен айналысады. Жоба кооперативтерді техникамен жабдықтап, халыққа тиімді кәсіп бастауға да қолдау көрсетті.


ӘЛІБЕК ПЛАЛОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
2023 жылы 19,8 млрд теңге, 2024 жылы 3 млрд теңге және 2025 жылы 7,4 млрд теңге толық игеріліп, 6 бағыт бойынша 4 223 жоба несиелендірілген. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы саласында – 597 жоба, мал шаруашылығында – 3155 жоба, құс шаруашылығы бағытында – 22 жоба, балық шаруашылығында – 53 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша – 150 жоба, тұрғындардың өз кәсібін ашуына бағытталған – 279 жоба іске асырылды.


Қазіргі таңда облыста 593 жылыжай салынып, 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды. Мал басы 76 мыңға көбейсе, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайды. Аппарат мәжілісінде облыс әкімі ендігі міндет-ауыл шаруашылығымен шектелмей, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытатын жобаларға басымдық беру екенін айтты.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жұмыс орындарын көбейтетін, экономиканы дамытуға нақты серпін беретін жобаларды іріктеп, соларды қолдауды жалғастыру керек. Екіншіден, ауыл шаруашылығы ғана емес, кәсіпкерлік, өндірісті дамытатын жобаларды енгізіп, қолдау көрсетіңіздер.


Биыл «Ауыл аманаты» жобасына бюджеттен 15,3 миллиард теңге қаралған. Бұл қаражатқа 1000-нан астам жоба қаржыландырылып, тағы 1400 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Мәселен, Шардарада балық жемін өндіретін кооператив, Сауранда макарон фабрикасы, Төлебиде шұжық шығаратын кәсіпорын мен Келесте шұлық өндіретін цех іске қосылмақ.