Кешкі уақытта көшеде жүретін жасөспірімдер – қоғамды алаңдатқан өзекті мәселенің біріне айналды. Ата-ана қарауынсыз қалған бала құқықбұзушылыққа ұрынып, қауіптің құрбанына айналып жатады. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында Түркістанда кешкі профилактикалық рейд ұйымдастырылды.
Құзырлы орган өкілдері жастар жиі жиналатын орындарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.Арнайы рейд барысында жастарға заң талаптары, қауіпсіздікті сақтау жолдары жайлы ақпарат беріліп, жадынамалар таратылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне заңмен қатаң шектеу қойылған. Мамандардың айтуынша, мұндай рейдтерді өткізудегі мақсат– құқықбұзушылықты дер кезінде анықтап, қауіптің алдын алу. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Құзырлы орган өкілдері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.