Прокурор ағайынға сеніп, бар мүлкінен айырылды. Сайрам ауданы Қасымбек датқа ауылындағы Одамановтар әулеті бүгінде шендіден жәбір көріп отыр. Отбасылық кәсіптің көзі болған жер телімі, жасанды көлі, жылыжайы, тіпті, басыбайлы баспанасына дейін прокурордың уысына өтіп кеткен. Әділдік іздеп шаршаған Одамановтар отбасы енді мемлекет басшысынан араша сұрайды.


Оқиға 2013 жылдан басталған. Сол жылдары Сайрам ауданының прокуроры қызметін атқарған Сұлтан Орманов кәсіпкер Айтжан Одамановпен жақын араласа бастайды. Кейін «үлкен көлемде жеңілдетілген субсидия алып беремін» деген сылтаумен, шаруа қожалықты заңды түрде құдасы Нұрлан Өміралиев пен  өз әйелі Әсел Оңғарованың атына аудартып алған. Жәбірленушілердің айтуынша, шенді жылыжайды ғана емес, қожалық иелігіндегі 13 бірдей көлді де жұтып жіберген.


АЙТЖАН ОДАМАНОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ
Көп нәрселерді істейміз демалыс орындарын істейміз балық ұстайтын жерлерді істейміз дегеннен кейін мен келіскем. Сөйтсем ойлары бөлек екенда бұлардың . Қызымның атынан алдап доверенность алып құдасын қатыстырып сыртынан өз атына жаздырып жіберген.


Аудан прокуроры жер мен көлді жымқырып қана қоймай, кәсіпкердің өзі тұрып жатқан екі қабатты үйін де қайын енесі Мәнсия Ниязалиеваның  атына рәсімдеп алыпты. Салдарынан Айтжан Одаманов отбасымен далада қалған. Шендіге сеніп, сан соғып қалған азамат жергілікті құзырлы органдарға шағымданғанымен, іс қайта-қайта қысқара берген. Алалаяқтардың құрығынан құтыла алмаған соң, жәбірленушілер Бас прокуратура мен Президент әкімшілігіне хат жазады. Нәтижесінде өткен жылдың желтоқсанында Астанадан арнайы комиссия келіп, қылмыстық іс бойынша Сұлтан Ормановты қамауға алды. Ал оның әйелі Әсел Оңғароваға іздеу жарияланды. Тақырға отырып қалған Одамановтар әулеті бұл мәселенің тезірек шешілгенін қалайды.


МЫРЗАКҮЛ БҰЛАНБАЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ
Ең алдымен Оңғарова Әселдің осы күнге дейін ұсталмауы қатты алаңдатады.Оңғарова 6 айдан астам уақыт бойы іздеуде. Соған қарамастан, бүгінге дейін оның нақты қайда жүргені анықталмай, ұсталмаған.Бұл жағдай бізде орынды күмән туғызады. 2 кәмелетке толмаған баласы бар, туыстары мен әлеуметтік байланыстары белгілі әйелді жарты жылдан астам уақыт бойы таба алмау полицияға деген сенімге күмән келтіреді.


Күзетпен ұсталған Сұлтан Ормановтың үстінен аудандағы "Қайнар Астық" ұжымының жерін де жымқырды деген айыппен бөлек іс қозғалған. Өз үлестерінен айрылған жергілікті тұрғындар да ақиқат орнап, кінәлілердің тиісті жазасын алғанын күтіп отыр.


ОЗИПА СҰЛТАНОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ
Орманов жасап берген жалған документ барлығы. Оңғарова Әсел жоқ бір жылдан бері қашып жүр. Оны іздемейді аудандық полиция. Біздің қара халықтың қолынан не келеді?


Тұрғындардың пайымдауынша, бұл қылмыстық істерге Сұлтан Ормановтың әйелі Әсел Оңғарованың тікелей қатысы бар. Сондықтан ол темір торға жабылмай, іс алға баспайды дейді жәбірленушілер. Негізі, өткен жылы Әсел Оңғароваға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылған екен. Алайда, сол кездегі облыс прокурорының орынбасары Ділмұрат Шалатайұлы мен Полиция департаментінің тергеу жөніндегі орынбасары Бауыржан Зиятаевтың бұйрығымен ол қамаудан босап кеткен. Содан бері күдікті әйел құзырлы органдардан бой тасалап, із суытып жүр.



Қазіргі таңда бұл қылмыстық іс бойынша Ішкі істер министрлігі мен Түркістан облыстық полиция департаменті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ал істің барысын Жамбыл облыстық прокуратурасы тікелей бақылауына алған. Біз де өз тарапымыздан қадағалаушы органға ресми хат жолдадық. Сұрақтарымыздың жауабын алдағы уақытта жариялайтын боламыз. Ал сан соғып қалған жәбірленушілердің жалғыз талабы құйтырқы әрекетпен қолды болған өз мүліктерін заңды иелеріне қайтару.