Жасыл желекті көбейтуге үлес қосып отырған ірі тұқымбақтардың бірі – Қазығұрт ауданындағы «Жасыл ел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Биыл Алтынтөбе орман және жеміс ағаштары тұқымбағына 20 жыл толды. 24 гектар аумақты алып жатқан шаруашылықта 35 түрлі ағаш-бұта көшеті өсіріліп, жыл сайын екі миллионнан астам көшет өндіріледі.
Мұнда көшеттер қалемшеден, тұқымнан, қылқан жапырақты және жай жапырақты ағаштардың өскіндерінен көбейтіледі. Шаруашылық өңірді көгалдандырумен қатар, табиғи тепе-теңдікті сақтауға да өз үлесін қосып келеді. Инженер Асқарәлі Сүлейменов орман шаруашылығына бала кезінен қызыққан. Алматы ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетін тәмамдаған маман еңбек жолын осы тұқымбақтан бастап, бүгінде көшет өсіру ісінің қыр-сырын тәжірибемен ұштастырып келеді.
АСҚАРӘЛІ СҮЛЕЙМЕНОВ, ИНЖЕНЕР
Мамандардың айтуынша, мұнда өсірілетін көшеттердің басым бөлігі жергілікті климатқа бейімделген. Сондықтан олардың жерсіну көрсеткіші жоғары. Ал қылқан жапырақты ағаштар еліміздің көптеген өңірінде өсіруге қолайлы.
«Жасыл ел» ЖШС-нің тұқымбағы – облыстағы ең ірі көшет өсіру шаруашылықтарының бірі. Мұнда екі миллионнан астам ағаш көшеті, 30 мыңнан астам қылқан жапырақты ағаш пен бұта түрлері өсіріледі. Серіктестіктің өнімдеріне Қазығұрт, Төлеби аудандары мен Шымкент және Түркістан қалаларынан сұраныс жоғары.
«Жасыл аймақ» жобасы аясында шаруашылық Түркістан қаласын көгалдандыруға мыңдаған көшет жөнелтіп келеді. Алдағы уақытта да өндіріс көлемін ұлғайтып, өңірдің жасыл қорын көбейту бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ.