Жыл басынан бері Шымкентте медицина және фармацевтика саласында 2 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылаған брифингте мәлімдеді.


Есепті кезеңде департамент арқылы медициналық қызмет саласында 1 814, ал фармацевтикалық қызмет бағытында 458 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде медициналық және фармацевтикалық қызметті лицензиялау, мамандарды сертификаттау және заңнамада көзделген өзге де мемлекеттік қызметтер бар. Сонымен қатар департамент жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізген.


АЙГҮЛ САДЫҚОВА, МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Түсіндірме берілген. Департаментке күнделікті жеке және заңды тұлғалар тарапынан сұрау хаттар келіп түседі. Өз құзыры шегінде түсңіндірме берілген. Өтініштер саны 99.


Тексеру нәтижелері мен құқық қорғау органдарынан түскен материалдардың негізінде 160 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы көлемі 28 миллион 144 мың теңгеге жетті. Мамандардың айтуынша, медициналық қызметтің барлық түрі міндетті лицензиялауға жатады және әр қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптары қатаң сақталуы тиіс.


АЙГҮЛ САДЫҚОВА, МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Медициналық қызметтің барлық түрі мемлекеттік лицензиалауға жатады. Әр қызмет түріне біліктілік талаптары белгіленген.


Сондай-ақ департамент дәрілік заттардың заңды айналымын бақылауды күшейтуге ерекше назар аударып отыр. Осы бағытта дәрілік заттарды міндетті таңбалау және қадағалау жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Қолданыстағы талапқа сәйкес, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда өндірілген және ел аумағына импортталған барлық дәрілік зат міндетті түрде таңбаланады.