Төрт жыл білім нәрімен сусындап, көз майын тауысқан студенттердің бір арманы орындалды. Маңдай тері ақталып, олар маман атанды. Жұмабек Тәшенов атындағы университетте диплом табыстау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара қаладағы Достық үйінде ұйымдастырылды.
Университет қабырғасында төрт жыл білім нәрімен сусындап, өздері қалаған мамандықтың қыр-сырын меңгерген түлектер үшін бүгін ерекше күн. Жаңа өмірге жолдама алған студенттерге арнайы білікті маман екендігін айқындайтын дипломдары салтанатты түрде табысталды.
БАҚТИЯР МАМЫТОВ, ТҮЛЕК
Тәшенов университетінің ағайларына үлкен алғысымды білдіремін. Университет бітіріп жоғары білім алдым.
Құттықтау сөз сөйлеген университеттің құрылтайшысы Оңалбай Аяшев түлектерге сәттілік тіледі. Салтанатты шарада осы білім ордасын тамамдап, бүгінде өз саласының саңлағына айналған түлектер де құттықтауын жеткізді. Айтпақшы, елімізге белгілі әнші Үрәлхан Сейілбекова мен айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова – Оңалбай Аяшевтің шәкірттері. Ал биылғы түлектер ұстаздарына алғыстарын білдірді.
БЕКЗАТ ДІНАЛИЕВ, ТҮЛЕК
Төрт жыл оқып аман есен бітіріп жатырмыз. Мен ұстаздарға алғыс айтамын.
Жұмабек Тәшенов атындағы университетпен биыл 4 мыңға жуық түлек қоштасты. Оқу ордасы Шымкентке көшкеннен кейінгі алғашқы бітірушілер осы түлектер. Университеттің оқытушылар құрамы білікті мамандармен толығып келеді.
ЖАНАР РЫСБЕКОВА, ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТТІҢ ВИЦЕ-РЕКТОРЫ
Мұғалімдер құрамы қазір мықты. Шетелдерден Түркия Ресейден келген мұғалімдер бар. Балаларды басқа елдерге де жіберіп екі дипломды жобалар бар.Ол жақтан бізге келіп мысалы қазір Шотландиядан келіп тәжірибе алмасып жатырмыз.
Университетте 10 мыңнан аса жас білім алуда. Көпсалалы білім ордасында 6 бағыт бойынша мамандар даярланады.