Абай Құнанбаев – өлеңдері мен қара сөздерін шағатай өрнегінде жазған. Мұны шымкенттік ғалымдар растап отыр. Түпнұсқаның тайқып, бізге құбылып жетуі – кеңес саясатының қысымынан дейді зерттеушілер. Өйткені Абай шығармаларының түпнұсқасында кеңес саясатына кереғар элементтер кездескен.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Білесіз бе? Абай Құнанбаев өлеңдері мен қара сөздерін қазір біз оқып жүрген нақышта емес, түркі халықтарына ортақ – шағатай өрнегінде жазған. Мәселен, ақын: «Ей жүрегімнің қуаты, перзенттерім» деп емес, «Ей иүрәгимнің құуаты фәрзандләрім. Сизлерге бираз соз язип, ядгар қалдырдұрамұн» деп жазған. Ғалымдардың зерттеуінше, ол басқа да шығармаларында шағатай элементтерін жиі қолданған. Мәселен: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» емес, «Мен йазбаймұн өлеңді ермек үчун» немесе «Замана ахыр жасдары, Қосұлмас һечбір басдары». Бұл – данышпан өлеңдерінің түзетілмеген түпнұсқасы. Зерттеушілер Абай жазған қадым әліпбиін зерттеп, оны кириллицаға түсірген.


«Баһра, Хәттә, Иттихад, Хикмат, Хайат, Кәлләм». Бұл – Хәкім қолданған сөздер. Қалың кітапқа Абайдың түпнұсқа еңбектері енген. Қолжазбаларды Хәкімнің жеке хатшысы Мүрсейіт Бікіұлының ұрпақтары сақтап, біздің кезеңге жеткізген.


ӘЗІМХАН ИСАБЕК, АБАЙТАНУШЫ
Білесіздер, сол заманда қиын жағдайлар… Ұлт-азаттық көтерілісі, бермен қарай ашаршылық болады. Сол ашаршылыққа Абай атамыздың шығармалары тұспа-тұс кеп қалады. Сол кезде Мүрсейіттің ұлы Рақымбай Абайдың барлық шығармаларын ұстап алып…» – 02:38, 03:09 – «Ажар анамыздың басына барып көмген екен.


Елдің беті бері қарап, жағдай оңалған тұста Мұхтар Әуезов көмбеде қалған мұраға сұрау салады. Қолжеткізіп, біз оқып жүрген нұсқа негізінде редакциялайды. Түпнұсқаны түзетпеске шара жоқ. Әйтпегенде Абай еңбектері тұншығып, қалың елімен қауышпай қалуы кәдік еді. Өйткені Хәкімнің ой-тұжырымдары совет цензурасына қайшы келетін.


ӘЗІМХАН ИСАБЕК, АБАЙТАНУШЫ
Өкінішке қарай, М. Әуезов сол заманның саясатына байланысты қазақы тілмен, шағатайдың өрнектерін астарлап беріп отырады. Бірақ, “китаб тастиқ” деген еңбегін қара сөздер қатарында береді. Бірақ ол кісінің бір ғана арманы болған… Абай атамыздың немересі Ақлиямен кездеседі ғой. Сол кезде “Білесің бе, Ақлия, мен Мүрсейіт қолжазбалары бойынша Абайдың еңбектерін бір сөзін өзгертпей жарыққа шығарғым келеді. Бірақ оған мына заман ырық бермей тұр” деп айтқан екен.



Ақжол Қалшабектің пікірінше, данышпан біз бен сіз сөйлесетін қазақ тілінде тілдескен. Бірақ жазуға келгенде күллі түркі жұртына ортақ шағатай өрнегін қолданған. Өйткені бұл тіл барша туысқан этностар ұғынатын халықаралық қатынас құралы еді.


АҚЖОЛ ҚАЛШАБЕК, АБАЙТАНУШЫ
Шағатай тілі деген бүкіл түркі әлемінің мың жыл бойы қолданған ғылыми-әдеби тілі болған. Қазір ағылшын тілін бүкіл әлем қолданып жатыр ғой, біздің сондай ортақ тіліміз – шағатай тілі болған. Түрік халықтарына ортақ, аударманы қажет етпейтін тіл болған.


Қара сөздері барын Абайдың өзі білмейді. Өйткені Хәкім шығармашылығында «Қара сөз» дейтін еңбек жоқ. «Ақыл и китаб» аталатын ой толғамдары 45 емес, 41 болған дейді зерттеуші. Ғалымдар бұл байламға данышпанның қадым әліпбиінде жазылған түпнұсқа еңбектерін зерделеу арқылы келген.


АҚЖОЛ ҚАЛШАБЕК, ҒАЛЫМ
Түпнұсқада 38-ші қара сөз деп айтылмайды. Түпнұсқада бұл шығарманың жеке тақырыбы бар. Бұл қара сөздерге кірмейді. Абайда жалпы қара сөздер деп аталатын шығарма жоқ. Оның бәрі қайдан шығып жатыр? Оның бәрі түпнұсқадан шығып жатыр.


Жинаққа Абай Құнанбайұлының бұрын-соңды жарияланбаған, сирек кездесетін қолжазбалары да енген. Ғалымдар бұл арқылы «Абай қазақ тілінде жазбаған» деп ел ішіне іріткі салуды емес, тарихқа тік қарап, тағылым алуды көздейді. Түпнұсқа арқылы оқырман ұлы гуманисті бұрынғыдан да тереңірек таниды.