Елімізде зейнетақы жүйесін жаңғыртудың жаңа тетіктері ұсынылды. Құжат қабылданса тұрғындар жинақтың бір бөлігін зейнет жасына дейін тұрғын үй алуға, кәсіп бастауға, оқу мен емделуге пайдалана алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде таныстырылған жаңа модель Сингапурдың зейнетақы жүйесі негізінде әзірленген. Ұсынысқа сәйкес, міндетті зейнетақы жарналары бірнеше бағытқа бөлініп, оның бір бөлігі тұрғын үй шотына аударылмақ. Сонымен қатар мамандар әлеуметтік осал топтардың, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың мүддесі толық ескерілуі тиіс екенін айтты. Сондықтан ұсынылған модель әлі де жан-жақты зерделенеді. Еңбек министрлігі бұл ұсыныстар әзірге сараптамалық талқылау кезеңінде екенін мәлімдеді. Түпкілікті шешім жаңа жүйенің әлеуметтік тиімділігі бағаланғаннан кейін барып қабылданады.