Еріктілік – еріккеннің ісі емес. Белсенділер қоршаған ортаның тазалығын сақтап, айналаны күл-қоқыстан тазартып келеді. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» экоакциясына 3 мыңнан астам волонтер қатысып, 22 мың тонна қоқыс шығарды. Бүгін олар ашық аспан астында бас қосып, «Қалдықсыз қала» тұжырымдамасы аясында пікір алмасты. Белгілі экоспикерлер сөз сөйлеп, тазалықтың мән-маңызын түсіндірді.


Экобелсенділер жиыннан кейін бірден іске кірісіп, Абай саябағында сенбілік ұйымдастырды. Тұрмыстық қалдықтар мен пластик бөтелкелерді жинап, кәсіпкер Владислав Голяркоға тапсырды. Сайрамдық кәсіпкер жиналған қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге жіберу арқылы табыс көзіне айналдырып отыр. Ол шыны, қағаз және пластик қалдықтарын престеп, өңдеуші зауыттарға өткізеді. Осы кәсіппен жеті жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпкер мектептер мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына арнайы контейнерлер де орнатқан. Қалдықтарды өткізген тұрғындарға ақы төлейді.


ВЛАДИСЛАВ ГОЛЯРКО, КӘСІПКЕР
«Қайта өңделетін материалдарды қабылдайтын цехымыз бар. Біз макулатура, шыны және пластик қабылдап, оларды өңдеуші зауыттарға жібереміз.»


Шымкентте 25 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 12 мыңнан астам волонтер бар. Белсенділер қалалық сенбіліктерге тұрақты қатысып, қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосып келеді.


АЛТЫНБЕК ШӘРІПБАЙ, ЭКОБЕЛСЕНДІ
«Қоқыс пен қалдықтарды жинадық. Қоршаған орта тазалығына немқұрайлы қарайтындар соңынан қоқыс қалдырып кетеді. Бұл дұрыс емес. Біз соны қолдан келгенше жинаймыз. Осылайша Қазақстанның тазалығына үлес қосып жүрміз.»


ЗИЁДА МҰРАТЖАНОВА, ЕРІКТІ
«Қоршаған ортаның тазалығы басқаға емес, өзімізге керек. Сол үшін де оны таза ұстауға міндеттіміз.»


Кездесу барысында экобелсенділер жас еріктілерге табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіріп, экологиялық жауапкершілік туралы ой бөлісті. Олар өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.


Мамандардың айтуынша, жыл сайын экобелсенділердің қатары артып келеді. Бұл қоғамның табиғатты аялауға деген жауапкершілігінің күшейгенін көрсетеді. Жиын соңында еріктілер алдағы жоспарларын талқылап, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жаңа бастамаларды пысықтады.