Қазақстан медицинасы жаңа кезеңге қадам басып келеді. Елдің әр өңірінде жаңа ауруханалар бой көтеріп, медициналық нысандар жаңартылуда. Бұл өзгерістер әсіресе ауыл тұрғындары үшін маңызды болмақ.
Бұрын халық күрделі тексерістен өтіп, ем алу үшін қалаға қарай ағылса, енді заманауи медициналық көмекті ауылдан шықпай-ақ ала алады. Қазір ел бойынша 51 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жобалардың жалпы құны – 108 млрд теңгені құрайды. Оның басым бөлігі ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Медициналық көмектің сапасын арттыру үшін ауруханалар компьютерлік томография, ангиографиялық кешен сынды заманауи құрылғылармен жабдықталады. Бұл жылдың соңына дейін 32 аудандық аурухана көпбейінді орталыққа айналмақ. Ал 2029 жылға дейін Қазақстанда тоғыз жаңа перинаталдық орталық ашу жоспарланып отыр.