Конституция – мемлекеттің негізгі заңы әрі ел дамуының басты бағдары. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қағидаттар қамтылған. Ата заңның маңызын түсіндіру мақсатында қаладағы жоғары оқу орындарында арнайы кездесулер мен пікірталастар ұйымдастырылуда.

Жиын барысында Конституцияда көзделген негізгі өзгерістер кеңінен талқыланды. Қатысушылар құқықтық реформалардың қоғамды дамытудағы рөліне тоқталып, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде пікір алмасты.

МАЙРА ТОЙЖІГІТОВА, АҒА ОҚЫТУШЫ
«Барлық жерде халықтың мүддесі басты назарға алынып отыр. Заң қоғамның дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі құжат.»


Басқосуға Орталық Азия инновациялық университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Дөңгелек үстелде Конституциядағы өзгерістердің елдің саяси және қоғамдық дамуына ықпалы, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы маңызы сөз болды.

Жиын соңында қатысушылар Конституцияның қоғамдағы орны мен маңызын атап өтіп, Ата заңды құрметтеу – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін жеткізді. Сондай-ақ құқықтық реформалардың мәнін халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.